Шымкентте бопсалаумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Басылым мәліметінше, Шымкент қаласы Полиция департаментіне жеке кәсіпкер бейтаныс екі азаматтың бопсалағаны туралы арызбен жүгінген. Оны күшпен қорқытқан ер адамдар жәбірленушіге тиесілі Toyota Camry 70 автокөлігін тартып алған.
Бұл жайт ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Қорқытып алу) бойынша тіркеліп, қылмыстық іс қозғалды. Аса ауыр қылмысты ашу мақсатында Шымкент қалалық ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері барлық жедел-іздестіру шарасын жүргізді.
Бірнеше күннің ішінде тергеушілер бопсалау жайтына қатысы бар күдіктілердің кім екенін анықтады.
"Екеуі де жергілікті қала тұрғындары, біреуі бұрын бірнеше рет сотталған. ҰҚҚ қызметкерлері күдіктілердің бірін тұрғылықты мекенжайында қолға түсірді. Ал сыбайласы қаладағы қонақүйлердің бірінде ұсталды. Олардан екі аңшылық пышақ, 160 оғы бар пневматикалық тапанша, 21 оғымен АК-47 автоматы және Макаров тапаншасының қабы тәркіленді", - делінген хабарламада.
Қазіргі таңда күдіктілер қамауда отыр. Оларға қатысты соталды тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, полиция ұсталғандардың қазанда тағы бір азаматтың Iphone 13 Pro Max ұялы телофонын алып қойып, қайтармағанын анықтады.
Бұл туралы арыз Еңбекші АПБ-да тіркелген. Жедел уәкілдер қылмыстық топтың осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!