Шымкенттегі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотта қаржы пирамидасын құру және жүргізу іс бойынша үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Іс бойынша 10 адам сот алдында жауап берді. Олардың бірі қылмысты кәмелетке толмаған кезінде жасаған.
Сот дерегінше, пирамиданы ұйымдастырған К. есімді әйел 2024–2025 жылдары әлеуметтік желілер арқылы өзін "инвестициялық жоба" ретінде жарнамалап, адамдарға тез әрі жоғары табыс уәде еткен. Қаражатты аударыммен де, қолма-қол да қабылдаған. Нәтижесінде пирамиданың айналымына 600 миллион теңгеден аса ақша тартылған.
Із жасыру және жауапкершіліктен құтылу үшін ол қаржыны куәгердің шотына аударып, одан жалған түбіртек беруді талап еткен.
Ал қалған қатысушылар пирамиданың жұмысын жүргізуге көмектескен: салымшыларға банк реквизиттерін берген, түбіртектерді қабылдаған және ұйымдастырушы мен жәбірленушілер арасында делдал болған.
Прокурор соттан бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, кей айыпталушыларға жаза орындауын кейінге шегеруді ұсынған. Жәбірленушілер әділ әрі заңды шешім шығаруды өтінген. Айыпталушылар кінәні ішінара мойындап, темір торға қамамауды сұраған.
Сот пирамиданы ұйымдастырған әйелді бірнеше бап бойынша кінәлі деп таныды: қаржы пирамидасын құру, ақша жылыстату және куәгерді сатып алу. Оған мүлкін тәркілей отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда жазаны өтеу 1 жылға кейінге шегерілді.
Қалған 9 адам 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге сотталды. Олардың алтауына жаза орындау 3 жылға шегерілді. Ал қылмысты кәмелетке толмаған кезде жасаған сотталушыға 1 жыл мерзімге пробациялық бақылаумен шартты жаза берілді.
Сонымен қатар, сотталғандарға ақша жинау, инвестиция тарту сияқты қызмет түрлерімен айналысуға тыйым салынды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!