Шымкентте Қарақозы Әбдәлиевті еске алу турнирі өтеді

Шымкентте Қарақозы Әбдәлиевті еске алу турнирі өтеді
Фото: depositphotos.com

29 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Шымкентте Кеңес Одағының батыры Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған ерлер арасында халықаралық турнир өтеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Жарысқа Қазақстанның барлық аймағынан және бірнеше елден жүзден аса боксшы қатысады деп күтілуде.

Осымен 43 мәрте өтетін беделді бәсекенің Қазақстан боксшылары үшін биыл орны бөлек болмақ. Себебі дәл осы шаршы алаңда қараша айында Иорданияда өтетін Азия чемпионатына баратын құрам іріктеледі.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Kazakhstan Boxing Federation (@boxingkazakhstan)

"Жарысқа кез келген аймақтан боксшы қатыса алады. Яғни бұл – ашық турнир. 18 жастан асқан спортшылар ұйымдастыру комитетіне өтініш жолдауы тиіс. Өтініштер 25 қыркүйекке дейін қабылданады", - делінген хабарламада.

Турнир барысынан видео материалдар және күнделікті нәтиже Қазақстан бокс федерациясының парақшасында жарияланады.

Айта кетейік, Қарақозы Әбдәлиев - Кеңес Одағының батыры, гвардия лейтенанты. Ол II дүниежүзілік соғыс кезінде 126-горловтық дивизияның 690-атқыштар полкінің құрамында ұрысқа қатысқан. Мелитополь қаласы үшін болған ұрыста Әбдалиев өз взводымен дұшпан бекінісіне шабуыл жасап, 17 үйді жаудан босатты, фашистердің оқ жаудырып тұрған 23 ұясын, 60-тан астам гитлершілді жойды. Көше бойындағы жекпе-жек шайқаста сол қолынан жараланғанына қарамастан, Әбдәлиев қаптап келе жатқан жау танкілеріне пулеметтен оқ жаудырды, тұтанғыш гранаталар лақтырып, олардың бірнешеуін істен шығарды. 20 шақты автоматшыны өлтіріп, осы ұрыста қол созым жерден жау танкісіне гранат лақтырып, қаһармандықпен қаза тапты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

А. Жайыққызы