Шымкентте мас ер адам кинотеатрға келушінің көлігін ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
әл-Фараби ауданының полицейлеріне қаладағы жеке кинотеатрлардың бірінің маңында тұрған Mercedes-Benz Sprinter көлігінің ұрланғаны туралы хабар түсті. Ауыр жұмыс күнінен кейін қалыңдығымен кино көруді жоспарлаған қала тұрғыны көлігінің ұрланғанын біліп, бірден 102-ге хабарласқан. Көлік ұрысын ұстауға №776 автоэкипаж бағытталды. Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары патрульдік полицейлерге ұрланған көліктің қозғалыс бағыты туралы хабарлап отырды. Тәртіп сақшыларының тоқтау туралы талаптарына бағынбаған ер адам жасырынуға тырысып, газды басып отырған. Ол бірнеше минуттан кейін Қаратау ауданындағы көшелердің бірінде ұсталды.
"Медициналық куәландыру қорытындысы ер адамның мас болғанын көрсетті. Осы құқық бұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабына сәйкес 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылып, әкімшілік қамауға алынды. Сонымен қатар полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамағаны үшін тәртіп бұзушы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 613-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды", - дейді ППП-нің қызмет инспекторы Ғабит Әбдірахман.
әл-Фараби аудандық полиция басқармасының тергеушілері бөтеннің көлігін заңсыз иемдену жайты бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!