Шымкентте ер адамды бейтаныс біреулер жол бойында соққыға жыққан. Алайда бір апта өтсе де, әлі шабуыл жасағандар табылмаған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Оқиға 28 сәуірде болған. Жәбірленушінің сөзінше, жанжал жолға таластан шыққан. Тоқтап, сөйлеспек болған сәтте әлгі көлік жүргізушісі бірден жұдырық ала жүгірген. Ауыр соққыдан ер адамның миы шайқалып, оған бас сүйек-ми жарақаты диагнозы қойылған.
Жәбірленуші оқиға болған 28 сәуір күні достарына бара жатқан. Кенет "Жигули" автокөлігінің жүргізушісі жолды кес-кестеп, жүруге кедергі келтірген. Себебін сұрамақ болғанымен, одан ешқандай нәтиже шықпапты.
"Терезені ашып сөйлесейік деді, тоқтадық, досыммен көліктен түсіп, сөйлесуге бардым, бірақ олар бірден боқтап сөйлей бастады. Мен оларға көлікте кішкентай бала бар екенін айтып, мәдениетті сөйлеуін өтіндім, бірақ бір уақытта есімді білмеймін. Әйелім 4 минут бойын ес-түссіз жатқанымды айтты. Сайрам тас жолында көзімді аштым, содан кейін біз достарымызға келіп, патруль шақырдық", - деді жәбірленуші Евгений Мельников.
Жол бойында шабуыл жасағандар екінші адамды да соққыға жыққан, бірақ ол ауруханаға бармапты. Ал Евгений қазір ем қабылдап жатыр. Соққыға жыққандар сол мезетте оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленушінің әйелі полицияға арыз жазғанымен, олар ешқандай әрекет жасамай отыр дейді. Тіпті, видеода көліктің мемлекеттік нөмірі көрінсе де, күдіктілер әлі ұсталған жоқ деп наразы.
"Біз арыз жаздық, олар бізге ештеңе айтпады. Тіпті бізге өтінішті қабылдағаны туралы талон да бермеді. Қанша уақыт кететінін де айтқан жоқ, бәріміздің жүйкеміз тозды, олар табылса не істерімізді білмейміз, осы істі көпшілікке жария еткіміз келеді, бәлкім сонда олар табылып, тиісті жазасын алар дейміз", - дейді жәбірленушінің әйелі Лилия Мельникова.
Полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушінің арызы қабылданған. Бірақ бір аптаға жуық уақыт өтсе де Евгений Мельниковқа жұдырық жұмсағандар әлі табылмапты.
"28 сәуірде сағат 21:00-де Шымкент полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция бөліміне 102 сымтетігі арқылы Шымкент қаласы Ленгір тас жолы, "Сауран" атты демалыс орнына қарама-қарсы жол бойынан Мельников Евгенийден хабарлама келіп түскен. Ол өзінің арызында жоғарыда көрсеткен мекенжай бойынша жол бойында белгісіз ВАЗ Лада 2114 кара түсті автокөлігімен жолға таласып, араларында бас араздық туындағанын, содан автокөліктен сөйлесу үшін қастарына барған сәтте белгісіз екі тұлғаның біреуі жақ тұсынан жұдырықтап тұрып соққы бергенін айтып көрсеткен. Қазіргі таңда екі белгісіз тұлғаны анықтау жедел іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады Шымкент полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал медициналық сараптама жәбірленуші ауруханадан шыққаннан кейін тағайындалады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!