Шымкентте жол апаты жаппай төбелеске ұласып, 40 жастағы тұрғын қаза тапты. Оқиға салдарынан зардап шеккен тағы бір адамның қазіргі жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 1990 жылы туған науқастың бүгінгі жағдайы орташа, тұрақты.
"Барлық көрсеткіші қалыпқа келді. Жансақтау бөлімінен хирургия бөліміне ауыстырылды. Емдеу хаттамасына сәйкес барлық емді қабылдап жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігерлер науқастың жағдайы ауыр екенін мәлімдеді.
Еске салайық, оқиға 20 қаңтарда Ерімбетов пен Рысқұлов көшелері қиылысында болған. Екі жүргізуші арасындағы жанжалға үшінші көлікпен келген өзге адамдар да қосылған. Төбелес кезінде бірнеше адам пышақ жарақатын алған. Зардап шеккен екі адам ауруханаға жеткізіліп, олардың бірі көз жұмған.
Әлеуметтік желіде оқиғаның видеолары тарап кетті.
Шымкент Полиция департаменті мәліметінше, жедел іздестіру іс-шараларының нәтижесінде адам өлтіру және бұзақылық қылмыстарына қатысы бар күдікті төрт адам ұсталған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз