Шымкентте жолақысын қалтасына басқан 50 жүргізуші жұмыстан қуылды

Шымкенттегі қоғамдық көліктерде "Төлем" жүйесінің енгізілгеніне 3 жылдан асты. Бүгінге дейін ескертулерге құлақ аспай, жолақысын қалтасына басқан 50 шақты жүргізуші жұмыстан қуылған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Ал көлік компания басшылары қолма-қол төлем жасағанда жолаушылар чек талап етсе, проблема өздігінен шешілетінін айтады.

"Бірнеше хат жазып тасымалдаушы компания басшыларына 50-дей көлік жүргізушісі жұмыстан шығарылды. Таңертеңнен валидаторлар өшірілген автобусқа 1 сағатқа мобильді топ 6 адамнан барып тексереді", - дейді "Төлем" мекемесі директорының орынбасары Ерлан Нұрланұлы.

Маманның айтуынша, 3 мыңға жуық валидатордың істен шыққан 500-ге жуығы жөнделген.Мекеме бүгінде 10 тасымалдаушы компаниямен келісімшарт негізінде жұмыс атқарып жатыр. "Төлем" жүйесін енгізуге бюджеттен бір де бір тиын жұмсалмаған, бұл - кәсіпкерлердің инвестициялық жобасы. Биылғы наурыз айынан бастап кондукторсыз жүйеге өткен қоғамдық көлікте ерікті түрде төлем жасау жолаушыға жүктелген. Қолма-қол ақша болса, чек талап ету қажет.

"Автобуста егерде жолаушы жолкіресін "Төлем" картасы, СМС, мобильді қосымша арқылы төлесе, онда 70 теңге төлейді, қолма-қол 100 теңге. Мүмкіндікті пайдаланып, жолаушыларды  қолма-қол төлегенде чек талап етуге шақырамын", - дейді Көлік компаниясы басшысының орынбасары Әлішер Төреқұлов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!