Шымкентте жол апатына кінәлі ер адам көлік жүргізу құқығынан өмір бойына шектетіліп, бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Өткен жылдың көктемінде Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі есірткіге масаң күйде Алматы – Ташкент – Термез тасжолының бойымен белгіленген жылдамдықтан асырып тыйым салынған бағдаршамға мән бермей, көлік басқарған. Әл-Фараби көшесінің қиылысына дейін барып, Hyundai Starex көлігімен соқтығысқан.
Соққыдан Альфард қарсы жолаққа шығып кетіп, Daewoo Gentra көлігін соққан. Салдарынан Hyundai Starex көлігінің 57 жастағы жүргізушісі мен оның жолаушылары 65 жастағы зейнеткер және 35 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Көліктің қалған 5 жолаушысы, оның екеуі кішкентай балалар, түрлі дене жарақаттарымен ауруханаларға жеткізілді.
Жол-көлік оқиғасын жасаған Toyota Alphard жүргізушісі мен көлік салонында болған 2 ер адам да медициналық мекемеге жатқызылды.
Полицейлер аталған жайтты ҚР ҚК-нің 345-1-бабы 4-бөлігімен (Көлік құралын масаң күйінде басқарған адамның абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзуы) СДТБТ-не тіркеді.
Анықтаушылар оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтап, қылмыстық іс материалдарын айыптау актісімен бірге сотқа жолдады.
Сот үкімімен қылмыскер 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, өмір бойына көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!