- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте жоғары лауазымды...
Шымкентте жоғары лауазымды полицейлерге жауап алу кезіндегі өлім ісі бойынша үкім шықты
Шымкентте жауап алу кезінде Қостанайдың 31 жастағы тұрғыны Нұрболат Жұмабаевты азаптады және өліміне кінәлі деп айыпталған жоғары шенді полицейлерге үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Атышулы сот процесі жұма, 30 маусымда аяқталды. Айыпталушы тарапта полковниктер мен подполковниктер болды - Шымкент ПД криминалдық полиция басқармасының екі бұрынғы бастығы, Шымкент ПД криминалдық полициясының бұрынғы қызметкері және Қаратау аудандық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің бұрынғы бастығы.
Оларға "Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан адамдар тобымен азаптау жасау" және "Пайда мақсатында күш қолданып, билігін асыра пайдалану" бабы бойынша айып тағылды. Судья айыпталушыларға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
"Сот үкімі бойынша, Шымкент ПД КПБ экс-бастығы кінәлі деп танылып, жеті жыл алты айға бас бостандығынан айырылды, құқық қорғау органдарында үш жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айырылды, сондай-ақ полиция полковнигі атағынан айырылды.
Шымкент ПД КПБ бұрынғы бастығы үш жыл мерзімге құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айыра отырып, жеті жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ полиция полковнигі атағынан айырылды.
Қаратау аудандық полиция бөлімінің бұрынғы бастығы үш жыл алты айға бас бостандығынан айырылды, құқық қорғау органдарында үш жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айырылды, сондай-ақ полиция подполковнигі атағынан айырылды.
Шымкент ПД криминалдық полициясының бұрынғы қызметкері екі жылға бас бостандығынан айырылды, құқық қорғау органдарында үш жыл мерзімге қызмет атқару құқығынан айырылды, сондай-ақ полиция подполковнигі атағынан айырылды", - деп үкімді Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Светлана Шыналиева оқыды.
Жаза тағайындау кезінде сот жәбірленушілер өкілдерінің пікірін, жеңілдететін және ауырлататын қылмыстық жауапкершілік пен жазаның бар-жоғын ескергені атап өтілген.
Еске салайық, Нұрболат Жұмабаев пен Сергей Петров көлік ұрлады деген күдікке ілініп, 2021 жылдың желтоқсанында Шымкент полиция бөліміне жеткізілген. Дәл сол кезде қашып, қарсылық көрсетпесе де Жұмабаевты арнайы жасақ көшеде ұрып-соққан.
Жауап алу кезінде Нұрболат ауырып, жедел жәрдем көмектесе алмаған. Дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтаған. Кейін марқұммен бірге ұсталған Сергей Петров олардан 12 сағат жауап алынып, қарсы физикалық күш қолданылғанын айтты.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Шәріпхан