- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Хабар-ошарсыз
Шымкентте жоғалған оқушы қыздан бір аптадан бері хат-хабар жоқ
Арайлым Ермекбайдың жоғалғанына бір аптадан асты. Оқушы қыз соңғы рет "Алаш" базарының маңынан таксиге отырып, одан кейін мүлдем байланысқа шықпаған. Арада апта өтсе де, көрдім-білдім деген жан жоқ. Полицейлерден күдерін үзген анасы халықтан көмек сұрап отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Ontustik tv телеарнасына сілтеме жасап.
Анасы Шынар Әжібекова бұрын-сонды қызының оғаш қылығын байқамаған. Сабағын оқып, қосымша курсқа қатысып жүрген Арайлым арасында Ордабасы ауданы Шұбарсу ауылынан Шымкентке барып жұмыс істеген. Оқушы қыз 21 қаңтарда жұмыстан шығып, 20:30 шамасында анасына хабарласқан. Ол "Алаш" базарының маңындағы кафелердің біріне телефонын қуаттауға кіріп, 1,5 сағаттан кейін де анасының қоңырауына жауап берген. Ол кезде аялдамадан таксиге отырғанын айтқан. Одан кейін хат-хабар жоқ.
Арайлым - үйінің екінші перзенті. Атамекен жалпы орта мектебінде 11-сыныпта оқиды. Дәрігер болуды армандайды екен. "Біреуге ашылып сырын да айта бермейтін" дейді анасы. 17 жастағы қызын екі тәулік бойы өздері іздеп таппаған соң Абай аудандық полиция басқармасына хабарласқан. Одан бері де бес күн өткен.
"Полиция қызметкерлері хабар-ошарсыз жоғалған қыз туралы арыз бойынша іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр. Іздеу жұмыстарына Шымкент полиция департаментінің кешенді күштері мен құралдары жұмылдырылды, аудандық бөлімдердің жеке құрамы мен көрші өңірлердің полиция департаменттеріне бағдар жолданды", - деді Шымкент полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бағлан Исатаева.
Оқушы қыздың жақындары халықтан көмек сұрап отыр.
Арайлым Ермекбайдың бойы шамамен 160 сантиметр, аққұба келген, шашы қоңыр-қара түсті, бетінде аздаған секпілі бар. Сол күні үстіне қара түсті спорттық киім мен жеңсіз күртесі болған. Ал аяғында ақ түсті спорттық үлгідегі аяқкиім, қолына кішкене ғана сөмке ұстапты.
Арайлым Ермекбай жайлы қандай да бір ақпарат білетіндер төмендегі нөмірге хабарласа алады:
- 102;
- 8 747 385 98 11.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте 20 жастағы Бәйдібек Ақмырзаұлы 10 күннен бері іздестіріліп жатқанын жазған едік. Ол соңғы рет Шымкенттегі әуежайда досын шығарып салып, қоғамдық көлікке отырған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан