Шымкентте жиналыс үстінде ұсталған шенеунікке үкім шықты

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков жиналыс үстінде Антикор қызметкерлеріне ұстатып жіберген шенеунікке үкім шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шымкент соты қалалық тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін уақытша атқарған шенеунікке "Қаладағы үйлердің сейсмикалық тұрақтылығын тексеруге және үйлерді жөндеуге бөлінген бюджет ақшасын жымқырып, мемлекетке аса ірі көлемде шығын келтірді" деп айып таққан. Бүгін, 27 тамызда шенеунік 9 жылға және оның кәсіпкер серіктесі 8 жылға сотталды.

Еске салайық, 2024 жылғы ақпанда Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков әлеуметтік желіде әкімдік жиналысынан видео жариялаған еді. 

"Бүгін тағайындалғаныма бес ай болды, келгеннен бері адал қызмет етулеріңізді сұрап жатырмын. Мен білемін, араларыңызда мемлекетшіл, адал кісілер көп. Көбіңіз сондайсыздар, сіздерге сенемін. Сенімді, ешкімді ауыстыратын ойым болған жоқ. Бірақ кеткен кісілерді де білесіздер, олар сөзге көнбегеннен кейін кетті. Бірақ өкінішке қарай, арамызда сатқындар бар. Сөзге, уәжге тоқтамай, өткен жылдан бері артымыздан пышақ тыққанмен бірдей", - деді қала әкімі cол кезде.
 

Онда әкім жиналыс кезінде жемқорлық туралы айтып, көпшілікке сабақ болуы үшін жемқорлық күдігіне ілінген шенеунікті залдан алып кетуді сұрады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!