Шымкенттегі Шымсити шағын ауданындағы 9 қабатты үйдің қолданысқа берілгеніне 4 жыл ғана болған. Содан бері мемлекеттік бағдарламамен салынған баспананың мәселесі бітер емес. Алғашында жаңбыр жауып, күн суыса, үйдің терезесі мен төбесінен су сорғалаған. Тұрғындардың сөзінше, одан кейін ақау құбырларда пайда болып, жұрт шаш-етектен шығынға батқан. Алайда 7-20-25 бағдарламасымен салынған үйдің былығы жер сілкінісінен кейін соң жұртты тіпті әбігерге түсірген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Жер сілкінген күні үйдегі есік терезенің барлығы сықырлап, жанымызды қоярға жер таппай кеттік. Алды-артымызға қарамай қаштық. Келсек, үйдегі қабырғалар қақыраған. Бұл үйлер бар болғаны 3 балдық жер дүмпуіне шыдамаса, 4 балл болса, құлайтын шығар. Қазір көршілердің көбі басқа жаққа көшіп кетті. Ал ешкімі жоқтар осылай үреймен күн өткізіп жүрміз", - дейді Шымкент тұрғыны Шолпан Құртанова.
9 қабатты үйде тұратын 100-ге жуық отбасы баспаналарын 15 жылға несиеге алған. Ең кемі айына 120 мың теңгеден төлейді, бірақ наразылық білдірген жұрт тұрғын үйдің тағы 10 жылға шыдайтынына күмәнмен қарап отыр.
"Үйіміз қағаздан соғылғандай құлап жатыр. Кепілдік мерзімі бітпей быт-шыты шығып жатқан пәтерлер бұдан әріге шыдайтынына күмәнмен қараймыз. Түркиядағыдай зілзала болса, біздің дымымыз қалмайды. Тіпті 4 балдың өзіне шашылып қалайын деп тұрмыз ғой", - дейді үй тұрғыны Құралай Сағындықова.
Ал әкімдік өкілдері "уайымдайтын ештеңе жоқ" дейді. Сөздерінше, бұл қалыпты жағдай және жарылған жерді жамаймыз деп жұртты жұбатып қойды.
"Жоқ, бұл үй 8 балға қирап қалмайды. Себебі қаңқасы монолит. Төбесінде монолитке түйіскен жерінде зазор болады. Ол зазор арнайы көпіршікпен жабылған. Сол арнайы жер сілкінген кезде ойнап тұрады. Бұл құламау үшін жасалатын дүние", - дейді Шымкент құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев.
Мемлекеттік бағдарламамен берілген көпқабатты үйлердің кепілдік мерзімі 3 айдан соң аяқталады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!