Шымкенттегі өзендер жауын-шашын әсерінен деңгейі көтеріліп, салдарынан 90 үй су астында қалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. ОҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға 26 сәуірде болды.
Қарасу және Қошқар-ата өзендері жауын-шашын салдарынан жағалаудан шығып кеткен. "3 туннель, 31 көше, 7 қиылыс пен 2 жертөле су астында қалды", - делінген баспасөз хабарламасында. Нөсердің шығынын анықтау үшін құтқарушылар бірнеше сағат жұмыс істеді. 190-ға жуық адам суды тартып, арнайы құм салынған 3350 қапты төсеуге көмектесті. "Самал-3" ықшамауданы мен Өтегенов, Арғынбеков, Жаңа-құрылыс көшелері қатты зардап шекті. Куәгерлердің айтуынша, жауын-шашыннан кейін бірнеше сағаттан соң өзен суы деңгейінен көтеріліп, үйлерді басып қалған. Тасқын өте күшті болды. Осының салдарынан қоршаулар құлады. Кейбір жер учаскелерінде суды сорып алу жұмыстары әлі жүргізіліп жатыр. Өтегенов көшесін судан тазарту үшін водолаздың көмегі керек болған. Олар өзен суы ағатын құбырларды тазалады.
Еске сала кетейік, 24 сәуірде синоптиктер Қазақстан аумағында жаңбыр жауып, күннің салқындайтынын болжаған болатын. "Демалыс күндері және дүйсенбі күні жаңбырлы бұлтты ауа-райы сақталады. Оңтүстік облыстар арқылы суық фронт өз жолында жаңбыр, найзағай, желдің күшеюін тудыра отырып, жылжитын болады", - деп хабарлады "Қазгидромет" кәсіпорны.
сурет: tn.kz