- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте жалақысыз қалған...
Шымкентте жалақысыз қалған тоқыма фабрикасы қызметкерлерінің мәселесін еңбек инспекциясы бақылауына алды
Еңбек инспекциясы Шымкентте жалақысыз қалған тоқыма фабрикасы қызметкерлеріне қатысты мәлімдеме жасады. Әзірше жұмысшыларға бір айдың ақшасы төленген. Ал қалған қаражатты мамандар өз уақытысында өндіруге атсалысатынын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Басқарма басшысының мәліметінше, қазір зауыт иесі қызметкерлерге 39 миллион теңге қаражат бөліп, наурыздың айлығын аударған.
"Компания мәліметі келіп түсті. Ол жерде 326 адам нақты жұмыс істейді екен. 326 адамға 39 миллион 600 мың теңге жалақы төленді. Бұл наурыз айына. Ал сәуір айының ақшасы келесі айдың 10-на дейін төленуі керек. Ол мүмкін сәуірдің соңы болуы мүмкін. Немесе 20 күндігі болуы мүмкін, бірақ келесі айдың 10-нан кешіктірмеуі керек. Ал ол ақшаны ертерек төлетуге әрекет жасаймыз", – дейді Шымкент мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов.
Алайда кәсіпорынға инспекция тарапынан тексеру жүргізілмеген. Себебі қызметкерлер құзырлы органға арызданбаған. Дегенмен жауапты мамандар олардың еңбегі елеусіз қалмайтынын айтты. Егер азаматтар тарапынан құқығы бұзылғаны туралы шағым түсетін болса, заңдылығына баға беретінін жеткізді. Ал кәсіпорында бұған дейін де осындай жағдай орын алған көрінеді.
"Бұл компания жергілікті атқарушы органдарда 2020 жылдан бастап тұрақты бақылауда. Себебі алдыңғы жылдары осы компанияда болған көктем кезінде шикізат мәселесіне байланысты бір-екі рет тоқтаған жағдай болған. 2021-2022 жылдары. Сондықтан бақылауда. Жылына бірнеше рет кездесіп тұрамыз ұжымдармен. Компанияның өзіне 2 рет тексеру жұмыстарын жүргізгенбіз. Оның бірінде арыз бойынша, екіншісі профилактикалық негізде жүргізгенбіз", - дейді Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов.
Айта кетейік, зауыт 2021 жылы жұмысшыларының жалақысын кешіктірген. Ол кездегі берешек сома көлемі 25 миллион теңге болған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
М. Лұқпан