- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте итті сабаған...
Шымкентте итті сабаған адамға қатысты сот үкімі шықты
Шымкентте итті қатыгездікпен ұрған қызметкер жұмысынан қуылып, жауапкершілікке тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы otyrar.kz сайты жазды. Айта кетейік, бір ай бұрын Шымкентте 1,5 метрлік темірмен итті аяусыз ұрып, аса қатыгездік танытқан орталық қызметкеріне кінә тағылған болатын. Ер адамға Қылмыстық кодекстің 316-бабы 1-бөлігі жануарға қатыгездікпен қарау бабымен айып тағылып, сотта кінәсі дәлелденді.
"Бір итті бас тұсынан, денесінен бірнеше рет соққы жасап, жарақат салған. Яғни оның мертігуіне алып келген, қатыгездікпен қараған. Аталған оқиға бойынша кінәлі деп танылып, оған 60 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза тағайындалды. Сотталушының жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Жеңілдететін мән-жайларға шын ниетпен өкінуі және жас балаларының болуы", - деді Шымкент қаласы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Алтын Білтебай.
Еске салайық, оқиға 27 тамыз күні Шымкенттегі қараусыз қалған жануарларды уақытша ұстау орталығында болған. Ер адам осы жағдайдан кейін жұмыстан қуылған.
Сот осы іс бойынша Шымкент қаласы әкімінің атына Ветеринарлық қызмет мемлекеттік коммуналдық қызметінің және Шымкент қаласы бойынша қараусыз қалған жануарларды оқшаулау орталығының басшыларына қатысты тиісті шаралар қабылдау жөнінде жекеше қаулы шығарды.
Әзірге үкім заңды күшіне енген жоқ.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Ибраева