Шымкентте №77 мектеп-лицейінің инженері 35 миллион теңгеден аса сомаға мектеп ноутбуктерін ұрлап кеткен, - деп хабарлайды Elitar.kz.
Басылым мәліметінше, 2022 жылғы мамырда мектеп мүлкі түгенделген. Содан кейін 200-ден аса ноутбук жоқ екені белгілі болған. Қымбат техниканың жоғалғаны туралы дирекция полицияға арыз берген. Полиция 28 жастағы мектеп инженерін ұстаған. Жауап алу кезінде жігіт құмар ойындарын ойнайтынын айтып, өз кінәсін мойындаған.
Тергеу аяқталғаннан кейін іс материалдары ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша айыптау қорытындысымен сотқа жіберілген.
Күдікті сотта өз кінәсін толық мойындаған.
Сот залалдың аса ірі мөлшерін ескеріп, ер адамды 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған. Ол білім беру саласында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан 10 жылға айырылған, сонымен қатар, мектепке азаматтық талап-арызда мәлімделген соманы, яғни 35 миллион теңгеден аса ақшаны төлеуге келіскен.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!