Шымкентте ер адам бұрынғы әйеліне қышқыл шашып жіберген

Шымкент тұрғыны бұрынғы күйеуінің шабуылынан кейін ауруханаға түсті. Күдікті Алматыда ұсталып, қамауға алынды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мән-жайы

Әйелге жасалған шабуыл туралы "НеМолчиKZ" қоры жазды. Қоғам белсенділерінің айтуынша, жәбірленуші осыдан бес жыл бұрын, яғни қызы алты айлық болғанда күйеуімен ажырасқан. Кейін әйел алимент өндіруге өтініш берген.

Қордың мәліметі бойынша бірнеше жыл өткен соң бұрынғы күйеуі әйелдің өмірінде қайта пайда бола бастаған. Ол алименттен бас тартуды талап етіп, қоқан-лоқы жасаған.

"НеМолчиKZ" мәліметінше, әйел сұлулық салонында жұмыс істеген. Шабуыл жасалмас бұрын белгісіз біреу оған жаңа нөмірден клиент ретінде хат жазып, шұғыл жолға шығатынын сылтауратып, кешкі уақытта қабылдауын өтінген.

Қордағылардың пайымынша, ер адам әйелді осылайша кездесуге алдап шақырған.

"Ол әйелді жол бойында аңдып тұрып, үстіне қышқыл шашқан. Өзі арнайы жұмыс киімін киіп, қолына канистр ұстап алған. Бұта арасынан шығып, әйелді қолынан ұстап, үстіне сұйықтық құйып жіберген. Жәбірленуші киімі терісімен бірге еріп жатқанын көргенін айтты. Ол жанұшыра айғайлаған, оның дауысын естіген адамдар көмекке келген. Ал қаскөй қашып кеткен", - деп жазылған жазбада.

Қазір әйел ауруханада жатыр. Қор мәліметінше, оның бетін, мойнын, қолын, кеудесін, арқасы мен иығын күйік шалған.

Қор өкілдері әйелге бірнеше ота жасалып, терісін алмастыру қажет болуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Зардап шеккен әйел. Сурет: instagram.com/nemolchikz_official

Полиция не дейді?

Шымкент Полиция департаменті оқиға 2 тамызда болғанын хабарлады. Баспасөз қызметі мәліметінше, бұрынғы күйеуі әйелді алдап кездесуге шақырған.

"Бұрынғы күйеуі әйелге сұйықтық шашып, оқиға орнынан қашып кеткен. Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деді полиция.

Күдікті сол күні Алматыда табылып, ұсталған. Қазір ол қамауда.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!