Шымкентте дүкендерге шатыр арқылы кірген әккі ұры ұсталды , - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Абай аудандық полиция басқармасына үш арыз түскен. Зардап шеккендер – Қайнар бұлақ саяжайының аумағында орналасқан дүкен иелері. Сауда нүктелеріндегі ұрлық түнгі уақытта жасалған. Барлық жағдайда күдікті ғимараттардың шатырын ашып, төбені бұзу арқылы ішке кірген.
Ұры екі дүкеннің кассасынан жалпы сомасы 130 мың теңге жымқырды. Ал үшінші кәсіпкерден смартфон, ақша және сөредегі алкогольдік сусындар мен темекі өнімдерін қолды еткен. Оған келтірілген шығын 1 миллион теңгеден асты.
Полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен күдіктінің кім екенін анықтады.
Ол бұрын осыған ұқсас қылмыс жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған жергілікті тұрғын болып шықты. Жас жігіт ұсталып, қамауға алынды. Оның тағы екі саяжай ұрлығына қатысы бар екені анықталды.
Ол алғашында біреудің үйінің ауласынан велосипед ұрласа, кейін зейнеткердің үйінен ұялы телефоны мен киім-кешектерді жымқырған.
Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-бөлігі ("Ұрлық") бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Алдағы уақытта іс-құжаттар барлық жиналған дәлелдемелермен сотқа жолданады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!