Шымкент қалалық полиция департаменті қаладағы балабақшалардың бірінде мекеме қызметкерінің балаларға қатысты физикалық зорлық-зомбылық көрсеткені бейнеленген видеодан кейін тергеу бастады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әлеуметтік желіде жарияланған видеода балабақша қызметкерінің балалар төсегіне жақындап, баланы еденге итеріп жібергені бейнеленген. Содан кейін ол еденде отырған қыздың қолынан ұстап көтеріп алмақшы болады, алайда көтере алмаған соң аяғынан ұстап, сүйрейді. Әйел жанында тұрған тағы бір баланың бетінен ұрып, төсекке қарай итереді.
Қалалық полиция департаменті оқиғаның жай-жапсарын жарияламады, бірақ бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
"Қазір жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр", - деп хабарлады ведомстводан.
Оқиға туралы ақпарат белгілі болған соң Шымкент білім басқармасы әйелдің жұмыстан босатылғанын хабарлады.
"Қазір бұл дерек бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. Оқиға Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауында", - деп түсіндірді Шымкент қалалық білім басқармасының баспасөз қызмет өкілдері.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!