Шымкентте бюджет кірістерін арттыру мәселелері талқыланды

Шымкентте бюджет кірістерін арттыру мәселелері талқыланды
Фото: Шымкент қаласы әкімдігі ұсынған сурет  

Бүгін Шымкент Мемлекеттік кірістер департаментінде қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың, мемлекеттік органдар мен тиісті құрылымдық бөлімшелердің қатысуымен арнайы кеңес өтті. Жиында жергілікті бюджеттің табыс базасын кеңейту және қосымша кіріс көздерін анықтау мәселелері талқыланды.

Қала әкімі тұрақты әрі теңгерімді кіріс базасын қалыптастырудың стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Себебі, дәл осы қаражат есебінен қаланың инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызды жобалары жүзеге асырылады. Соңғы екі жылда бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіліп, оң динамика байқалуда.

Атап айтқанда, қалалық бюджет көлемі 239 миллиард теңгеге артып, 895 миллиард теңге болды. Оның ішінде 496 миллиард теңге — өз кірістері. Бюджеттің дербестік деңгейі 46 пайыздан 56 пайызға дейін өсті. Бұл республикалық трансферттерге тәуелділіктің төмендеп, қаланың қаржылық тұрақтылығының артқанын көрсетеді.

Кеңес барысында 2026–2027 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспары талқыланды. Құжатта жоспарланған түсімдерді қамтамасыз ету, салықтық әкімшілендіруді күшейту, қосымша кіріс көздерін айқындау және бюджет процесінің ашықтығы мен тиімділігін арттыру шаралары қамтылған.

Жиын қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты тұлғаларға кірістердің толық түсуін қамтамасыз ету бойынша жұмысты жандандыруды және кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Атап айтқанда, шағын және орта бизнес субъектілерін нақты қызмет жүргізу орны бойынша Шымкент қаласында салық төлеуші ретінде қайта тіркеу қажеттілігі түсіндірілетін болады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлердің өз кірісін ұлғайту жөніндегі тапсырма берген еді. 

Өз кіріс базасының кеңеюі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды көбірек іске асыруға, қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Шымкент қаласы әкімдігі ұсынған материал  

С. Бөлек
Logotype Massaget