Шымкент тұрғыны бірден 3-курста оқимын деп, 900 мың теңгесінен айырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шымкент полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарына қарағанда, әл-Фараби аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның сөзінше, таныс қыз Шымкенттегі оқу орындарының бірі арқылы бірден 3-курсқа өткізіп беретінін айтып, алаяқтық жолмен 900 000 теңгесін алған. Алайда уәдесін орындамай, ақшасында да кері қайтармай қойған.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты Қылмыстық кодекстің 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркеді.
Жедел-тергеу тобы жәбірленушінің арызына сәйкес, шұғыл іздестіру жұмыстарын жүргізді. Күдіктінің жеке басын анықтауға бағытталған барлық қажетті шараларды қабылдады. Түркістан облысы Ордабасы ауданының 22 жастағы тұрғыны анықталып, жеткізілді. Ол да студент болып шықты. Жәбірленуші екеуі бір жоғарғы оқу орнында білім алады.
Қазіргі кезде күдікті өз кінәсін толықтай мойындап отыр. Достық қарым-қатынасты бұзып, заңсыз әрекетке баруына қаржы тапшылығы себеп болғанын және бұл үшін өкінетінін айтқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!