Шымкентте бір шағынауданның тұрғындары жылусыз отыр

Шымкенттегі Теріскей ықшамауданында ондаған көпқабатты тұрғын үйдің пәтерлеріне жылу толық келмей тұр. Тұрғындар бұл жағдайға жылумен қамтамасыз ететін мекемені айыптап отыр. Ал мекеме үй ішіндегі құбырлардың ескіргенін айтады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

Теріскей ықшамауданының тұрғыны Гүлдана Тұрымбетова балаларымен көпқабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы 1 бөлмелі пәтерде өмір сүреді. Қалаға жылу берілді дегенде қуанғанымен, онысы пәтеріне келмеген. Үйінде жылу жоқ.

"Жылымайды үй. Осылай күртемен отырмыз бәріміз. Ауырып жатырмыз. Барлығымыз. Бірінен соң бірі ауырып, қазір жазылдық. Күн жылығанда тек далада жүреміз шыны керек. Үйге кірмейміз. Жылу қосқанымен, пеш бар. Соны қосамыз. Сонымен бір бөлмеде жылынғанша отырамыз. Сосын қайта шығып кетеміз далаға", - деді ол.

Теріскейліктер үйдің суығына шыдай алмай, бүгін далаға шықты. Олар жылуды реттеп беруді сұрайды.

"Иә, су келді. Қысым 1 болып тұр. Бірмен қалайша 5 қабатқа жылу барады. Зал, ас бөлме тас болып тұр. Суы да жоқ. Қалай жылу болады. Мүмкін емес. 2 кондиционер қосып, зал мен баламның жатын бөлмесін жылытамыз. Жылу пешін менің бөлмеме түнде қоямын. Немерем еңбектейді, күндіз қоя алмаймын. Газ жағып қоямын. Мен қазір жылуға төлеймін. Жарыққа, газге төлеймін. Не үшін?" - деді тұрғын Күләш Еделбекова. 

Майра Меңдібекова, тұрғын: "Үйіміз салқын. Суық, жаурап отырмыз баламен. Ауырып болдық  тұмауратып. 

"Қуатжылуорталық" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жылудың қалыпты жағдайға әлі де түспегенін растайды. Мұны айналымның толық дұрысталмағанымен байланыстырады. Теріскей ықшамауданында 62 көпқабатты тұрғын үй болса, оның отызға жуығындағы пәтерлерге жылу жетпей тұр. Мекеме 2-3 күнде жылу келеді деп сендіреді.

"Бізде қалыпты ұстап тұрған жоқ қазір. Бәрі ысымай жатқан соң, су шығарған соң бізде қысым төмендейді. Бұл жылудың айналымы жылудың қысымына байланысты. Қысым түсіп кетсе бір үйлер биікте, төменде тұрған үйлерге дұрыс жүрмей жатыр", - деді "Қуатжылуорталық" өкілі Марат Ахметов. 

Ресми орындар жылудың бірден қосылмай, тұралап қалып жатқанын үй ішіндегі құбырлардың ескілігімен де байланыстырады.

"Жылу жоқ деп айтуға келмейді ғой. Барлығы элеваторға дейін келіп тұр. Температура төмен… Қазір Теріскейде ғана осындай проблема. Бұл жақ Теріскейдің соңғы жақтары. Бас жағында қалыпты жағдай. Шаяхметов, Рысқұлов жақтарда қалыпты жағдай", - деді Әл Фараби ауданы әкімдігінің бөлім басшысы Берік Жаңаев. 

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!