- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте баланы терезеден...
Шымкентте баланы терезеден лақтырған тұрғын жазадан құтылып кетуі мүмкін
Шымкентте екі жасар баланы 4-қабаттың терезесінен лақтырып жіберген тұрғынға қатысты қылмыстық іс қозғалды, бірақ ол жазадан құтылып кетуі мүмкін. Өйткені ер адамның психоневрологиялық ауытқуы бар, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Өзімен-өзі жүретін. Агрессиясы ұстап кетті ме, бала мазасын алды ма, кішкентай бала болғаннан кейін енді тістейді ғой, содан кейін алып лақтырып жіберген. Сағат сегіз жарым шамасында", - дейді оқиға куәгері.
Бұл кезде ер адаммен бірге баланың анасы мен жеңгесі де болған екен. Олар баланы терезеден тастағанын байқап қалып, сыртқа жүгіріп шыққан. Төрт қабат биіктен төмен құлдилаған бүлдіршін есік алдындағы жұмсақ топыраққа құлап тірі қалды. Ауыр жарақат алған балақай дереу облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Ал оның 40 жастағы туысы қамауға алынды. Баланы толық тексеріп шыққан дәрігерлер жағдайы тым ауыр деп отыр.
"Тексеруден кейін балаға ауыр бас жарақаты, миы шайқалған, кеудесі, іші жарақаттанған. Травматикалық шок деген диагноз қойылады. Қазір жансақтау бөлімінде интенсивті терапияда. Жағдайы ауыр. Жасанды тыныс алу аппаратында жатыр", - дейді Түркістан облысы балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сәкен Тұрысбеков.
Еске салайық, бұған дейін Шымкентте тұрғын жоғары қабаттан баланы терезеден лақтырып жібергенін хабарлаған едік. Оқиға әл-Фараби ауданында, Ғ. Иляев көшесінің бойында 4 қабатты көппәтерлі тұрғын үйде болған.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан