Шымкент қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігінің, 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағымен (көрінеу кәмелетке толмаған баланы өлтіруге оқталу) айыпталған тұрғынға қатысты қылмыстық іс ашық сот отырысында қаралды, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
2024 жылғы 29 маусымда сотталушы Шымкентте масаң күйде болып, өзара бас араздық салдарынан 2010 жылы туған кәмелетке толмаған жәбірленуші А.-ның жүрек тұсы аймағына пышақ сұғып, оның денсаулығына ауыр зиян келтірген.
Содан кейін жәбірленушінің мойын тұсына екінші рет пышақ ұрмақшы болғанда жанында болған адамдардың кедергі келтіруіне байланысты, сотталушы өзінің қылмыстық ниетін соңына дейін жеткізе алмаған.
"ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігінде 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Алайда ҚК-нің 56-бабының 3-бөлігіне сай, қылмысқа оқталғаны үшін жаза мерзімі осы қылмыс үшін көзделген ең жоғарғы мерзімнің ¾ аспауы қажет. Сотталушының жазасын жеңілдететін мән-жай ретінде, жасаған қылмысына өкінуін, асырауында жасөспірім балаларының болуы, жәбірленушінің кешірім бергені, моральді және материалды зиянды өтеуі танылған, ал ауырлататын мән-жай ретінде қылмысты алкогольді масаң күйде жасағаны танылған. Сот М.-ны ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 99-бабы 2-бөлігінің 14-тармағымен кінәлі деп танып, оған 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады, жазаны қылмыстық атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді", – деп хабарлады Шымкент қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!