- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте балабақшада 2...
Шымкентте балабақшада 2 жасар қыздың денесі қан жоса болғанша тістеліп қалған
Шымкентте жекеменшік балабақшада жанжал шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Екі жасар Айшаның әкесінің айтуынша, балабақшада баласының бүкіл денесін біреу тістеп тастаған. Тістелген орындар терең болғаны соншалық - зақымдалған жерлерден қан аққан. Қала тұрғыны Нұрбек Жармаханбет оқиға болған кезде тәрбиеші болмағанын және оның қызына алғашқы медициналық көмек көрсетілмегенін айтады.
"Басқалардың тәрбиешілері қызымды осы уақыт бойы біздің тәрбиешінің қызы ұрып-соғып, тістегенін айтты. Ал тәрбиеші қызымды басқа бала ұрды деп бізді алдады. Мен қызымды ұрған баланың ата-анасының нөмірін сұрадым, бірақ ол маған нөмір беруден бас тартты. Тәрбиеші көп өтірік айтты. Ақыр аяғында бәрі анықталды. Ол өзінің қызы менің қызымның бетінен және арқасынан тістегенін мойындады. Одан осы уақытта қайда болғанын сұрағанымда, ыдыс жуғанын айтты. Бұл уақытта балалар ойнап жүрген", - дейді ол.
Нұрбек сол күннің видеосын ала алмаған. Жеке балабақша өкілдері оқиға кезінде қауіпсіздік камералары жұмыс істемегенін мәлімдеген.
Жанжал "Жандәурен" балабақшасында шығып отыр. Мектепке дейінгі мекеменің басшылығы тәрбиешігі қатаң сөгіс беріп, кейін жұмыстан шығарғанын мәлімдеді.
"Біз бұл оқиға туралы хабардар емеспіз. Мұғалім де, ата-ана да бізге бұл жағдай туралы айтқан жоқ. Баланы нақты кім тістегені анық емес. Бірақ тәрбиешінің баласы деп ойлаймыз. Камералардың жазбалары жоғалып кетті, өйткені сол кезеңде камералар жұмыс істемеді. Қызмет көрсететін ұйым бізге дискі толып кеткенін және жазба сақталмағанын айтты", - деді балабақша өкілі.
Бұл оқиғаға Шымкент қаласы Білім басқармасы өкілдері пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, жекеменшік балабақша мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Мекемеде 165 бала мектепке дейінгі білім алады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова