Шымкенттік тұрғындар интернет-алаяқтардың құрығына түсіп қалды. Негізгі күдікті алаяқтық жолмен түскен қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырған “дропперлермен” бірге әрекет еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жәбірленушілердің біріне қаскөйлер әйгілі банктің акционері болуды ұсынып, айласын жүзеге асырған. Әйел көрсетілген шотқа 500 мың теңге аударып, ақшасынан айырылған.
Екінші жағдайда алаяқтар Instagram-да қымбат телефонды өте төмен бағамен сату туралы хабарландыру жариялаған. Бұған сенген тұрғын оларға 683 мың теңге аударған. Бірақ уәде етілген гаджет жеткізілмеген.
ІІМ криминалистері заманауи цифрлық технологияларды қолданып, "дропперлерді" анықтап, негізгі күдіктіге шықты. Ұрланған қаражаттың барлығы зардап шеккендерге қайтарылды. Қылмыстық іс қозғалды.
"Сайттар мен ұйымдарды тексеріп алыңыздар. Кез келген күдікті әрекет туралы құқық қорғау органдарына дереу хабарлаңыздар. Қырағылық пен сақтық — кибералаяқтықтан қорғанудың ең тиімді тәсілі", – деп атап өтті ведомствода.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!