Шымкентте 30 жастағы әйел туған балаларын аяусыз ұрып-соғып, денесін үтікпен күйдірген. Анасынан зәбір көрген ұл мен қыз қазір ауруханада жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеп.
Туған анасынан қорлық көрген балалардың бірі он жаста, екіншісі сегізде. Телеарна мәліметінше, анасы оларды аяусыз сабап қана қоймай, денесіне үтік басқан.
"Қыздың шашын алған, баланың шашын ортасынан арқаға қарай алған. Екі жанында шашы тұр. Баланың аузына шанышқыны қыздырып басқан. Балалар өзіне келіп, сөйлеп жатыр. Білмеймін, айуандық", – деді балалардың туысы.
Қазір бұл жағдайды тиісті органдар бақылауына алған. Олар істің ақ-қарасын анықтап, әйелді ата-ана құқығынан айыру мәселесін қарап жатыр.
"Анасына қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеу жүргізіліп жатыр. Алдағы уақытта қандай шешім шығатыны сот арқылы анықталады", – деді бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдің көмекшісі Абай Пахынбетов.
Бүгінде зорлық көрген балалар әжесінің қасында, ауруханада емделіп жатыр. Одан кейінгі үш және бір жасар қос бүлдіршін сәбилер үйіне орналастырылған. Енді туыстары балақайларды анасына бермей, қамқорлығына алуды көздеп отыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз