Шымкентте арақ-шарапты қолдан жасаған жасырын цех анықталды

Шымкентте арақ-шарапты қолдан жасаған жасырын цех анықталды
Фото: pixabay.com

Шымкентте тонналап заңсыз арақ-шарап шығарған жасырын цех анықталды. Өз үйінде алкоголь өнімдерін қолдан құйған тұрғынды полицейлер қолға түсірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Үйінің жертөлесін цехқа айналдырған тұрғын тек қымбат арақтарды қолдан жасапты. Су мен спиртті үлкен бөшкелерге араластырып оны жеті түрлі қымбат арақтың атауы жазылған шөлмектерге құйған. Осылайша, бір өзі 73 мың дана арақты дайындап қойған. 26 жастағы күдіктінің өзі бұл шаруамен тек бір аптадан бері ғана айналысқанын және дүкендерге жеткізіп үлгермегенін айтқан. Оның сөзі қазір тексеріліп жатыр. Ал сапасыз спирттік өнімдер мен арақ шығаруға арналған жабдықтар тәркіленді.

"Жалпы алғанда 42 500 бірлік және 3 мың литр спирттік ішімдіктерге құюға арналған сұйық заттар, дәлелдемелер тәркіленді. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 158-бабы, яғни "Тауар белгілерін заңсыз пайдалану" бойынша тиісті әкімшілік хаттама толтырылып, қазір сотқа жолданды. Әділет органдары аталған бағыт бойынша тиісті шараларды жалғастырады", - деді Шымкент әділет департаменті басшысының орынбасары Мейіржан Исабеков.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан