Шымкентте анасы мен қызы дүкеннен иіссу ұрлап жүрген. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полицияға қаладағы сауда орталықтарының бірінде орналасқан косметика дүкенінен парфюмерия ұрланғаны туралы хабар түскен. Арызданушы екі тұтынушының сауда орнынан парфюмерия өнімдерін жасырын түрде алып кеткенін айтқан. Сондай-ақ олар бұған дейін де үш рет осы дүкенге келіп ұрлық жасаған екен.
"Криминалдық полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларының жазбаларын тексеріп, қылмысқа қатысы бар адамдарды анықтады. Олар жергілікті тұрғындар – анасы мен қызы болып шықты", - деп хабарлады полиция.
Күдіктілер сөредегі тауарларды мұқият қарап жүргендей кейіп танытқан. Содан қымбат иіссуларды тез әрі байқатпай сөмкеге салып, артынша сауда нүктесінен кетуге асыққан.
Қазіргі таңда Қылмыстық кодексінің 188-бабы "Ұрлық" бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу амалдары аяқталған соң қылмыстық іс процессуалдық шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!