- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте алаяқтар зейнеткердің...
Шымкентте алаяқтар зейнеткердің жерлеуге жинаған ақшасын қолды еткен
Шымкентте алаяқтар 95 жастағы зейнеткердің жерлеу рәсіміне жинаған қаржысын қолды еткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасп.
Әл-Фараби ауданының полицейлеріне алаяқтар қарт тұрғынды алдап, 1 миллион теңгесін алып кеткені туралы хабарлама түсті.
Ведомство мәліметінше, жәбірленушіге бейтаныс ер адам хабарласып, туысының жағдайы ауыр халде екенін, оны тек қымбат операция ғана құтқара алатынын жеткізген. Алаяқтың сөзіне сенген зейнеткер өзінің жерлеу рәсіміне және табытына жинаған ақшасын үйіне келген курьерден беріп жіберген.
Іздестіру іс-шаралары барысында жедел уәкілдер бейнебақылау камералары көмегімен ақшаны алуға келген адамды анықтады. Ол сауда нүктелерінің бірінің 30 жастағы менеджері болып шықты. Ол қосымша табыс көзін ғаламтор желісінен тапқан екен.
"Ол онлайн түрде алып отырған нұсқаулықтар бойынша әрекет етіп, мекенжайлардан алынған қолма-қол ақшаны белгілі бір банк шоттарына аударып отырған. Курьер қызметі үшін 100 мың теңгеге дейін төлемақы алған", - дейді Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының тергеушісі Абылайхан Молдабек.
Полицейдің айтуынша, ұсталған адамның телефонын тексеру нәтижесінде оның басқа да ұқсас жайттарға қатысы бар екені анықталған. Дәл осы жолмен ол тағы да 2 зейнеткерден үлкен сома алған. Осы іс бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова