Шымкентте інісін өлтірген күдікті қызметтік ит көмегімен дер кезінде ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Өткен демалыс күндері Еңбекші аудандық полиция басқармасының "102" арнасына кісі өлімі туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері үйдің ауласынан ер адамның денесін тапқан.
Тексеріс барысында жергілікті тұрғын отбасылық жанжал кезінде інісінің кеуде тұсынан ас үй пышағымен ұрып, белгісіз бағытқа қашып кеткені анықталған. Полиция департаментінің бас жедел уәкілі Арман Бейсенбаевтың нұсқауымен криминалдық полицияның жедел уәкілі Құттыбек Оңалбеков пен кинолог Мейіржан Қасымбеков қызметтік итті ертіп, үй маңында орналасқан теміржол жақты іздеуге шыққан. Полиция иті Грей бірден ізді анықтап, тәртіп сақшыларын киімін ауыстырып үлгерген күдіктіге апарған. Қызметкерлер ер адамды қамауға алды.
Ағайындылар арасындағы жанжал марқұмның бауырына есірткі қолдануды тоқтату керек деген ақылынан басталғаны белгілі болған. Бүгінде бұл жайтқа қатысты ҚР Қылмыстық кодекстің 99-бабы (Адам өлтіру) бойынша соталды тергеу жүргізіліп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз