- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте ағаш жаппай...
Шымкентте ағаш жаппай қурап жатыр
Шымкентте жасыл желек жаппай қурап жатыр. Мезгілсіз солған қылқан жапырақты ағаштар қысқы аязға шыдамай үсіп кеткен. Салдарынан бір этносаябақтың өзінде 700 түп ағаш кесіледі. Әйтпесе, жанындағы сау қарағайлар да "ауру жұқтырып", қурап кетуі мүмкін, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Ал табиғат жанашырлары шаһарға көрік береді деп егілген ағаштарға дұрыс күтім жасалмағанын айтып отыр. Тұрғындардың айтуынша, этносаябақ қала көркін қашырып тұр. Мұнда қарағай тұқымдастарының үш түрі егілген. Солардың бірі жаз басталмай жатып көктей солды.
Биолог Роза Байсариева өскіндерді суару жүйесі мен оның күтіміне де көңілі толмайтынын айтты. Одан бөлек бұл ағаштар арзан сатып алынған. Сол себепті "көшеттердің көктейтін күні де көпке созылмады" дейді.
"Бұл Қырым қарағайын будандастыру арқылы алынған қарағайдың түрі. Ол бізге сәйкес келмейді. Арзан заттың құны да болмайды. Жайлы ортаны қалыптастыру басқармасының кемшілігі. Тендер ұтқандар қандай ағаш әкелді, соның қыр-сырын анықтап, содан соң егу керек еді", - дейді биолог Роза Байсариева.
Қалада қылқанжапырақты ағаштың 70 мыңнан астам түрі бар. Оның 10 мыңға жуығы қайта көктемеді. Салаға жауаптылар бар кінәні табиғаттың қатал "мінезіне" жауып отыр. Қураған ағаштардың бойына нәр жүгірту үшін өңдеу жұмыстары қолға алынған. Ал 700-дей ағаш маусым айында түбінен кесіледі.
"Мердігер мекеме бар 5 жылға жекеменшік әріптестік қарастырылған. Өзінің инвестициясы бар. Соның есебінен сол жердегі 700 үсік жалған қылқан жапырақты алқапты қалпына келтіріп береді", - дейді Жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Әбілхайыр Оңғар.
Биыл күзде қалаға тағы 200 мың көшет егіледі.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан