Шымкентте 9 жыл бұрын кісі өлтірген күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға Түркістан облысында 2015 жылғы наурызда болған. Арыс қаласының тұрғыны жанжал кезінде үш адамды атып, оқиға орнынан бой тасалаған. Жәбірленушілердің бірі алған жарақатынан ауруханада көз жұмған. Сол жылы сәуірде ер адамға халықаралық іздеу жарияланды.
Қауіпті қылмыскерді анықтап құрықтаған Еңбекші АПБ-ның учаскелік инспекторы - Сәкен Ақбаев. Өз әкімшілік аумағының әрбір тұрғынын білетін полицей үнемі кепка киіп, бет-әлпетін жасыруға тырысып жүретін адамға назар аударған. Инспектор оның жергілікті көлік жөндеу орталығына жақында жұмысқа орналасқанын білген.
Тәртіп сақшысы оқиға туралы дереу жедел-тергеу тобына хабарлап, әріптестерімен бірге қашқынды қолға түсірді. Қазір күдікті қамауда, ол Арыстың құқық қорғаушыларына тапсырылады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!