Шымкентте 8 жастағы баланың асқазанынан ірі көлемде шаш шықты

Шымкент қалалық балалар ауруханасына 8 жастағы бала 7 күн бойы іш ауруы, тәбет болмауы, құсу секілді белгілермен түскен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап. 

Баланың әжесінің айтуынша, ол кейінгі күндері тамақтан бас тартқан. Дәрігерлер тексеріс барысында асқазан тұсынан бөгде затты анықтаған. 

"Балаға шұғыл түрде ота жасалып, асқазанынан ірі көлемді шаш алынды. Мұндай жағдай медицинада "трихобезоар" деп аталады. Бұл - асқазанда жиналған шаш массасы. Бұл сырқат салыстырмалы түрде сирек кездеседі және көбіне балаларда, жасөспірімдерде, 30 жасқа дейінгі әйелдер арасында байқалады", - деп жазылған басылым мәліметінде.

Қазір баланың жағдайы бірқалыпты, медициналық бақылауда.

Еске салайық, бұған дейін Түркістанда 15 жастағы қыздың ішінен 1 келідей шаш алынды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз