Шымкент қалалық перинаталдық орталығының дәрігерлері жүктіліктің 24-аптасында дүниеге келген сәбидің өмірін сақтап қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Туған кезде салмағы небәрі 700 грамм болған нәресте бірнеше айлық ем мен күтімнен кейін үйіне шығарылды. Сәби 9 қаңтарда дүниеге келген. Анасының жүктілігі ауыр өтіп, түрлі асқыну байқалған. Шақалаққа шала туу, тыныс алу жолдары бұзылуы және төмен салмақ диагноздары қойылған.
Дәрігерлер бірнеше ай бойы сәбиге тәулік бойы күтім жасап, қажет ем-дом жүргізді. Бала 94 күн жансақтау бөлімінде, одан кейін 15 күн жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінде ем қабылдаған.
Нәтижесінде сәбидің жағдайы жақсарып, салмағы 2460 граммға жетті. Қазір ана сүтімен қоректеніп, салмақ қосып келеді. Нәресте 109-күні үйіне шығарылды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз