Шымкентте 52 жастағы әйел суицид жасамақ болған

Шымкенттік құтқарушылар өз-өзіне қол жұмсауға әрекеттенген әйелді құтқарып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

3 қарашада 112 пультіне 1972 жылы туған әйел тұрғын үйдің 5-қабатында орналасқан пәтердің балконынан секіргісі келетіні туралы хабарлама келіп түсті.

Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары дереу жіберілді. Оқиға орнына келген соң қызметкерлер әйелмен сөйлесуге тырысты. Алайда ол қызметкерлерді елемеді.

Құтқарушылар дереу құтқару іс-шараларын бастады. Өртсөндірушілер кіреберіс арқылы пәтерге жүгірді, жүргізуші 4-қабаттағы пәтердің балконына автосатыны орнатты. Осы уақытта көршілес тұратын 5-өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Алпамыс Талипов жүгіріп келді.

Автосатымен көтерілген Алпамыс 4-қабаттағы балконның жақтауларына тұрып, әріптестері пәтер арқылы балконға кіріп, оны құтқарғанша, әйелді төменнен ұстап тұрды. Құтқарушылардың үйлесімді және жедел әрекеттерінің арқасында бір адамның өмірі құтқарылды.

Аман қалған әйел жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!