- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте 5 адамның...
Шымкентте 5 адамның өліміне себеп болған автобус апаты: жүргізуші сотталды
Шымкентте жүргізушісіз жүріп кетіп, алты адамды қағып кеткен автобус жүргізушісіне қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Отырар" сайтына сілтеме жасап.
Істің мән-жайын бес ай бойы Шымкенттің арнайы прокуратурасы зерттеді. Айыпталушы - 49 жастағы жүргізуші Хайрулла Юлдашев.
Зардап шеккен тарап автобус жүргізушісін қатаң жазалауды талап еткен. Алайда соңғы сот отырысында марқұмдардың отбасы айыпталушыны кешірген болатын. Ал прокурор жүргізушіні 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған болатын.
"Айыпталушының кінәсі дәлелденді. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, айыпталушы 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды", - дейді судья Жанат Мүсірәлі.
Айта кетейік, Хайрулла Юлдашев абайсызда бес жаяу жүргіншінің өліміне әкеп соқтырған жол ережесін бұзды деп айыпталып отыр. Бұған дейін екінші сот процесінде куәгерлерден жауап алынды. Шамамен 20 куәгер бар.
Сот отырысында ең алдымен Shymkent Bus автопаркінің басшысы Ерғали Истамбеков жауап берген. Оның сөзінше, 8 сәуір күні айыпталушыда демалыс күні болған және №21 автобусты Мамыржан Жолдасов тізгіндеуі керек болған.
Алайда олар басшылыққа ескертпей кезекшілік күнімен ауысқан екен. Бұл туралы автопарктегілер жол апатынан кейін білген. Куәгер Хайрулла Юлдашев автобусты айдамас бұрын көлікті тексеріп алуы керек еді дейді. Одан бөлек, белгіленген жерде тұраққа қойып немесе автобусты қол тежегішіне қойы қажет еді. Сонымен қатар, жүргізушінің әрекетін түсіріп тұратын камерадағы жазбаны алу мүмкін болмаған. Жүргізушілердің бірі камераны басқа жаққа бұрып қойғаны анықталған.
Еске салайық, 8-сәуір күні Шымкентте бос автобус жүріп кетіп, 6 адамды қағып кеткен еді. Оқиға орнында 3 адам, ауруханада 2 адам қайтыс болды. Олардың ең үлкені 43 жастағы жалғызбасты 5 баланың анасы. Ең кішкентайы 14 жастағы 9-сынып оқушысы.
Ажал құшқан ересектердің бәрі отбасыларының асыраушысы болған. Ал, қайғылы оқиғадан аман қалған жалғыз адам бүгін ауруханадан үйіне шықты. 18 жастағы бойжеткен де 6 бауыры мен анасының жалғыз асыраушысы. Анасының айтуынша, әзірге жауаптылардан ешқандай көмек келмеген және ем-домға да біршама қаржы керектігін жеткізді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина