- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте 29 жастағы...
Шымкентте 29 жастағы күдікті тергеу изоляторында көз жұмды
Шымкентте тергеу изоляторында қамауда болған 29 жастағы күдікті қайтыс болды. Ер адам ауруханада жансақтау бөлімінде көз жұмған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкент пен Түркістан облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мәліметінше, Қылмыстық кодекстің 262, 287, 307 және 194-баптарында көзделген бірқатар қылмысты жасады деген күдікке ілінген ер адам 14 қарашада Т.Орынбаев атындағы медициналық мекемеге жеткізілген. Алайда 22 қарашада күдікті ауруына байланысты қайтыс болған.
"Бұл факт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді, барлық қажетті сараптама тағайындалды. 2022 жылғы шілдеден бастап қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ұсталған, тергеу-қамауға алынған адамдарды медициналық қамтамасыз ету Денсаулық сақтау министрлігіне берілген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мүддесіндегі өзге ақпараттар жария етілмейді", - делінген ведомство мәліметінде.
Марқұм болған күдіктінің анасының айтуынша, 7 айдан бері тергеу изоляторында отырған ұлы қант диабетімен ауырған. Кездесу кезінде баласы инсулин тапшы болып жатқанын айтыпты. Инсулинге тәуелді перзентін үйқамаққа ауыстыруын сұрап, құзырлы органға бірнеше рет өтініш те айтқан екен.
Қара жамылған ананың баласының өліміне қатысты айтқан видеосы Facebook-те жарияланды. Ондағы мәліметке сүйенсек, перзенті тергеу изоляторынан ауыр халде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Кейін жансақтау бөліміне жатқызылған. Медицина мекемесінде жатқан ұлын үш қызметкер күзеткен. Ауыр халдегі күдіктінің қолына кісен тағылып, тіпті жансақтау бөлімінде жатқан кезде темір тормен қоршалған екен. Ондағы дәрігерлер "Күзет конвойы мен темір тор ем-домды жасауға, медицина қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіріп отыр" деп жедел тергеу тобының жетекшісіне хат та жазған көрінеді.
Күдіктінің анасы ұлының қайтыс болғанын әлеуметтік желіден бір-ақ естіпті.
Шымкент тұрғыны ұлы "Тергеу кезінде қылмысты мойындату үшін соққыға жығылған болуы мүмкін" деген күдігі барын айтқан. Оның сөзінше, денесінің бірнеше тұсында көгерген іздер анық байқалған.
Ұлынан айырылған ана перзентінің нақты неден көз жұмғаны бойынша сараптама қорытындысын күтіп отыр. Қажет болса, эксгумация жасатуға қарсы емес екенін айтады.
Айта кетейік, марқұмның артында үш перзенті қалды. Кенжесі – 4 айлық нәресте.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан