Шымкентте 21 жастағы қыз аяусыздықпен өлтірілді: күдіктінің блогер туысы мәлімдеме жасады

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайды өлтірді деген күдікке ілінген Шерхан Аймаханның туыстары мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Күдікті Шерхан Аймахан танымал блогер Мағжан Аймаханның туысқан інісі болып шыққан. Instagram-дағы парақшасында ол әйелі Камила Әділханмен жағдайға пікір білдірді.

"Ең бірінші Нұрайдың ата анасына туған туыстарына шын жүректен қайғырып көңіл айтамыз. Алла тағала жүректеріңізге тыныштық берсін, Алла тағала қазіргі жағдайларыңызды мейірімімен жеңілдетсін! Бұл жағдай кез келген Ата-ана үшін орны толмас қайғы шын жүректен көңіл айтамыз", - деді олар.

Мағжан Аймаханның айтуынша, күдікті - әкесінің інісінің баласы. 

"Біздің туысымыз! Ешкім баласын қатыгез, зұлым болсын деп қаламайды, ойына кіріп те шықпайды. Сол үшін бұл жағдай өзімізге де өте ауыр тиіп жатыр және ешкім қызын аяқ асты біреудің қолынан өліп кеткенін де қаламайды. Екі жақтың да ата-анасына өте ауыр жағдай! Бұл екі тараптың да қазіргі жағдайын ешкімге, адам баласына тілемейміз, Алла сақтасын осындай жағдайдан!", - деді Мағжан Аймахан.

Блогерлердің сөзінше, олар қанша жерден туысы болса да, інілерінің бұл әрекетін еш қолдамайды.

"Сот және ондағы жаза бойынша біз де бәрінің әділ өткенін қалаймыз! Қанша туысымыз болса да бұл үлкен қылмыс  және жазасы берілу керек! Бірақ, өкінішке қарай, қанша жылға сотталып кетсе де, қанша көңіл айтсақ та Нұрайдың орны толмайды. Сол себепті шын жүректен жеңілдігін берсін деп дұға етеміз  және ата-анасына қайғыра көңіл айтамыз. Әулеттің үлкендері де барып көңіл айтып құран бағыштап қайтты. Алла тағала Нұрайдың жанын жәннаттық етсін. Блогермен туыс болса, бірдеңе қылып шешіліп кетеді деген ақпарат тарап кеткен. Керісінше, халықтың алдында жүрген адам ретінде, қанша туысымыз болса да, бұл жағдайда әділ жаза және соттың әділ шешімі шыққанын қалаймыз. Бұл жағдайды ақтап алу ойымызда да жоқ. Бұл – өте зұлымдықпен жасалған қылмыс", - деп нүстесін қойды.

Желі қолданушылары Камила мен Мағжанды қолдап, түрлі пікірлерін білдіріп жатыр.

Еске салайық, 11 қаңтарда Шымкентте пышақ жарақаттарынан 21 жастағы қыз көз жұмды. Кейін күдікті қала аумағынан шамамен 10 шақырым қашықтағы ашық жерде ұсталды. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз