Шымкентте 20 мыңға жуық жүргізуші көлігін күңгірттеп алған

Шымкентте көлік терезесін күңгірттеген 20 мыңға жуық жүргізуші жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жол үстіндегі құқықбұзушылықтарды болдырмау және оны дер кезінде анықтау мақсатында мегаполис жолдарында үздіксіз рейдтік іс-шаралар жүргізіп жатыр. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде жыл басынан бері көлік терезесін күңгірттеген 19 629 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.

Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Дер кезінде автокөлік иелерімен әйнектегі күңгірттеу қағазын алып тастау жұмыстары жүргізілді.

Еске салайық, техникалық регламенттердің, ұлттық стандарттардың талаптарына сай келмейтiн, сондай-ақ көлік құралдарын пайдалануға тыйым салынатын ақаулар мен жағдайлары бар көлiк құралдарын басқару 5 АЕК мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады. Полиция қызметкерлері жүргізушілерге терезенің жарық өткізу талаптарын қатаң сақтауды ескертеді.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!