Шымкентте 20 жастағы Ұлан Есмаханның туыстары ұлын мәйітханадан тапқанын айтады. Қара жамылған отбасының тергеуге көңілі толмайды. Олар күдікке ілінгендер бар кінәні өздерінен емес, өзгеден іздеуге тырысып жатыр деп ашынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Күдіктілер қаруды қорғану үшін қолдандық деп ақталған. Отбасы кінәлілер тиісті жазасын алсын деп отыр.
Етегі жасқа толған Аққыз Абдалиева тұңғышын соңғы рет 11 сәуірде көрген. Түнгі он бірде көрші үйдегі баланы алып келемін деп шыққан жігіт сол күйі оралмаған. Бір жамандықты сезген ана ұлын іздей бастайды. Бірақ түнгі екіде ұлының жансыз денесін мәйітханадан тапқан. Қос ауданның жігіттері ерегісіп, сол жанжалда біреулер Ұланды атып кеткен екен.
"Менің баламның аяғында резеңке сланцы. Бір шеті жыртылып кеткен сланцы кассада отырған кезде. Нәскиі де жоқ. Төбелеске баратын болса ол дайындалып барар еді ғой. Атады деп ойламады. Тек күшпен жеңеміз ғой деп ойлады-ау деймін. Менің балам қару-жарақ деген нәрсені білген де емес, ондай нәрсені қолданған да емес", – дейді марқұмның анасы Аққыз Абдалиева.
Ұлан Көкшетаудағы оқу орнын былтыр ғана өрт сөндіру мамандығы бойынша аяқтап, диплом алып келген. Бала күнде спортпен шұғылданып, таэквондодан Қазақстан чемпионы да атанған. Болашағынан үміт күтіп отырған әкесі күдіктілер бар кінәні ұлыма артып отыр деп ашынады.
"Бұғанадан бір мәрте атқан ғой. Лап етіп тиіп, толығымен опырып кеткен. Қорғану мақсатында аттық деп тұр. Мен онымен келіспеймін. Бұлар әдейі атуға дайындалып келген. Менің де шыдамымның шегі бар ғой. Одан кейін әрі қарай мен де кірісемін", – деп қосты әкесі Мейірхан Қыдырхан.
Айта кетейік, қылмыстық іс сотқа жеткен. Басты күдіктіге адам өлтірді деген айып тағылған. Сотта бас-аяғы үш адам жауап беріп жатыр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек