- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Шымкентте 2 жасар...
Шымкентте 2 жасар бала сірке қышқылын ішіп қойған
Шымкентте үй ауласында ойнап жүрген бүлдіршін абайсызда сірке қышқылын ішіп қойып, жансақтау бөліміне түсті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Улы сұйықтық ішкен балақайдың жағдайы нашарлаған соң ата-анасы бірден жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткізіпті. Жағдайы ауыр бүлдіршінді дәрігерлер бірден жансақтау бөліміне жатқызған. Екі аптаға жуық ауруханада анасымен бірге жатқан баланың бүгінде беті бері қарап келеді.
"Үйде банка жаптық. Сірке қышқылы төмен жақта қалып кеткен екен. Балам ойнап жүріп, қараусыз қалғанда соны ішіп қойды. Жағдайы бірден нашарлап, реанимациядан бір-ақ шықтық",- деді науқастың анасы.
Дәрігерлердің айтуынша, бүлдіршіннің ауыз қуысы, өңеші және асқазаны қатты күйіп қалған. Салдарынан тыныс алуы қиындаған оны дәрігерлер жасанды тыныстандыру аппаратына қосқан.
"11 шілде күні жедел жәрдем қызметімен 2021 жылы туылған бала ауыр халде Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізілді. Келген кезде жағдайы ауыр болған. Сірке қышқылын ішкеннен кейін тыныс жетіспеушілігі байқалған", - деді Т.Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығының бөлім меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.
Дәрігерлер науқас баланың ауыз қуысын толықтай күйік шалғандықтан, ары қарай да оңалту емі қажет болады деп отыр. Мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін медицина мамандары ата-аналарға балаларын қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Алғабек