Шымкент түрмесінде жазасын өтеушілердің бірі жұмбақ жағдайда ажал құшты. Туыстары 37 жастағы жігітті мекеме қызметкерлері "ұрып өлтірді" десе, тәртіп сақшылары өлімнің созылмалы аурудан болғанын алға тартты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Almaty.tv телеарнасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай 7 қыркүйекте болған. Мекеме басшысының сөзінше, бопсалау бабымен үш жарым жылға сотталған ер адам түрмеге түскелі асқазан ауруымен ауырған. Бес рет дәрігерлер көмегіне жүгінген. Соңғы рет, 3 қыркүйекте ауруханаға түскен. Медицина және түзеу мекемесінің мамандарына қатысты қызметтік тексеру басталды.
"Қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары жүріп жатыр, құзырлы органдар да тексерісті бастады. Ол кісілер бізге сенбейді, "ұрды-соқты" деп түсініп жатқан шығар. Бірақ тексеру қорытындысы шығады", – деді Шымкент қаласы және Түркістан облысы бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты №54 мекеменің бастығы Серікбай Дүйсенов.
Ер адам темір торға бір ай бұрын ғана түскен. Марқұмның артында 3 баласы мен келіншегі қалды. Ал қылмыстық істің қай бап бойынша қозғалатыны сот-медициналық сараптамасынан соң белгілі болмақ.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!