Түркістан облысында 5 млн теңге бопсалады деген күдікпен ер адам ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Түркістан облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында ақша бопсалады деген күдікпен Сарыағаш ауданының 38 жастағы тұрғынын ұстаған.
Алдын ала мәлімет бойынша ер адам Шымкент тұрғынын ар-намысына нұқсан келтіретін мәліметті таратамын деп қорқытып, одан 5 миллион теңге талап еткен. Тінту барысында күдіктіден телефон мен 5 миллион теңге көлеміндегі ақша тәркіленді.
Ведомство мәліметінше, ер адам бұған дейін ұрлық пен есірткі сақтау дерегі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған.
"Қазір күдікті қамауда. Бұл дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы (Бопсалау) бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!