Шымкент тұрғыны терроризмді насихаттағаны үшін сотталды

Шымкентте жергілікті тұрғын терроризмді насихаттағаны үшін сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл жөнінде қала прокуратурасы хабарлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі (терроризмді насихаттау) және 296-бабының 1-бөлігі (адамдарды террористік не экстремистік әрекеттерге тарту, қаруландыру не дайындау) бойынша кінәлі деп танылып, жазаға тартылған.

"2024 жылдың қыркүйек айында Шымкент қаласында азамат "С" WhatsApp мессенджері арқылы танысы, азаматша "Т"-ға зорлық-зомбылыққа үндейтін және халықаралық террористік ұйым "Мұсылман бауырлар" идеологиясын түсіндіретін материалдар жіберген. Бұл ұйым қарулы жиһад идеясын насихаттайды. Сонымен қатар, ол Сириядағы террористік топтарға қосылуға үгіттеген", – делінген хабарламада.

Қала прокуратурасы хабарлағандай, осындай қылмыстар үшін 2023 жылы 10 адам сотталған.

"Қала прокуратурасы мұндай әрекеттер үшін 5 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу көзделгенін ескертеді", – деп жазылған ресми мәлімдемеде..

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!