Шымкентте 21 жүкті әйелдің жөргекпұлы мен жәрдемақысын қолдан көбейтіп, заңсыздыққа барған 29 жастағы тұрғын сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Мән-жайы
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты 29 жастағы әйелді "алаяқтық жасады" және "қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды" деп таныды. Сот оны 21 жүкті әйелдің әлеуметтік және зейнетақы жарналарына тиісті төлемдерді жасанды жолмен көбейткен деп тапты. Ол бұл үшін 40 кәсіпкердің электрон цифрлық қолтаңбасын заңсыз пайдаланған.
"Ол 2024 жылғы сәуір-желтоқсан аралығында ешқандай жұмыс атқармаған 21 жүкті әйелді жеке кәсіпкерліктерде жұмыс істеді деп тіркеген. Олардың аттарынан әлеуметтік төлемдер мен зейнетақы жарналарын төлеген", - деп жазылған хабарламада.
Айыпталушы сотта кінәсін мойындаған. Ол тапқан табысының бір бөлігін алған пәтерінің алғашқы жарнасын төлеуге жұмсаған.
Іс бойынша жәбірленуші ретінде танылған "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры" акционерлік қоғамы айыпталушыға кешірім берген.
Сот үкімі
Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2) тармағында, 218-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін оған түпкілікті 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Алайда сот оның кәмелет жасына толмаған балалары барын ескеріп, жазаны өтеу мерзімін 3 жылға шегерген. Айыпталушыдан жәбірленуші тарапқа келтірілген шығын, яғни 22 миллион теңгеге жуық зиян өндіріледі. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова