ҰҚК сәуір-мамыр аралығында тергеп-тексерген қылмыстық істер бойынша террористік және экстремистік қылмыс жасағаны үшін 13 адам сотталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олардың бірі - Астана қаласының тұрғыны. Ол әлеуметтік желіде террористік идеологияны насихаттаған, сондай-ақ, айналасындағыларды террористік аймақтарға шығуға үгіттеген.
Сот шешімімен ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Ал Шымкент қаласының тумасы айналасындағыларды Қазақстанда теократиялық мемлекет құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқан. Сот оны 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Сонымен қатар, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында, Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан, Абай облыстарында осындай қылмыс жасады деген күдікпен 11 адам, соның ішінде 2 шетелдік және шетелден экстрадицияланған 3 Қазақстан азаматы ұсталды.
Олар желіде және өз айналасында экстремистік материалдар таратты, террористік аймақтарға шығуға және өздерінің ұстанымымен келіспейтін адамдарға қатысты зорлық-зомбылыққа шақырды деген күдікке ілінді. Соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Ж. Қадыржанова