Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Шымкент Полиция департаментін қатаң сынға алды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр Шымкент Полиция департаментінде көшпелі кеңес өткізді. Кеңеске қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық құқық қорғау және арнайы органдардың бірінші басшылары, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.
"Тәртіп жоқ жерде нәтиже жоқ, сенім жоқ, бедел құлдырайды. Әрбір заңбұзушылық үшін барлық басшы, кәсіби борышына опасыздық жасағандардың әрқайсы жеке жауап береді", - деді Ержан Сәденов.
Отырыс барысында биыл қоғамды дүр сілкінткен оқиғалар бойынша тергеу іс-шараларының барысы туралы ақпарат тыңдалды.
"Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс ерекше бақылауда. Министр тергеу жедел бөліністеріне жан-жақты, толық тергеуді қамтамасыз етуді тапсырып, барлық кінәлі адам заң негізінде әділ жазасын алуға тиіс екенін айтты", - деп жазылған хабарламада.
Одан бөлек ІІМ басшысы сталкингке қарсы іс-қимыл мәселесіне арнайы тоқталды. Бірыңғай әрекет ету алгоритмін әзірлеу, тергеушілерді мұндай қылмыстарды тергеу тәжірибесі бойынша оқыту, формализмге жол бермеу тапсырылды. Қысым көрсету, қорқыту және қудалау дер кезінде анықталып, уақтылы құқықтық баға берілуі қажет екені баса айтылды.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимыл жұмысы қатаң сынға алынды. ІІМ басшысы бейінді бөліністің қызметіндегі елеулі олқылықтарды, жұмыс әлсіз ұйымдастырылуын және нақты нәтижелер жоқтығын айтып, қылмыстық топтарды әшкерелеу, аса қауіпті қылмыстардың жолын кесу қажет екенін жеткізді.
"Анықталған кемшіліктерді ескере отырып, кадрлық шешімдер қабылданды. Қызметтік міндетін тиісінше орындамағаны үшін Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы және оның бөлімдерінің бірінің басшысы қызметінен босатылды", - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар, министрдің нұсқауымен қалалық полиция бөліністерінде ІІМ-нің кешенді инспекторлық тексерісі басталған.
Айта кетейік, жиын барысында Шымкент полициясына жаңа басшы тағайындалды. ІІМ басшысы жеке құрамға Шымкент Полиция департаментінің жаңа басшысы Мұхтар Қожаевты таныстырды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!