Ішкі істер министрлігі Шымкент пен Павлодарда ақша бопсалағандарды ұстады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Полиция ведомствосында жастар арасында, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасында криминалитет және "ұры" идеологиясы ықпалына жол бермеу жөніндегі кешенді шаралар қабылданып жатыр.
23 қаңтарда Шымкент және Павлодар қалаларында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында бопсалауларға, тонауларға, алаяқтықтарға, бас бостандығынан заңсыз айыруға қатысы бар екі жастар тобы ұсталды.
Павлодар облысы полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының жедел әшкерелеу орбитасында 18 жастан 23 жасқа дейінгі аралықтағы бес жас жергілікті тұрғыннан құралған топ болды.
"Күдікті адамдар криминал идеологияның ықпалымен өздерінің құрдастарын оқу орындары мен жатақханаларда, сондай-ақ, сауда ойын-сауық орталықтарында қорқыту және күш қолдану арқылы онлайн-қосымшалар арқылы несиелер ресімдеуге мәжбүрлеген, содан кейін ақша және тауарларын алған. Оларға бопсалау, тонау және алаяқтық қылмыстары бойынша айып тағылды. Қылмыстық топтың барлық қатысушысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді ҚР ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басқарма бастығы Қуандық Алпыс.
Осыған ұқсас ұстаулар Шымкент қаласында жүргізіліп, онда 24 жасқа дейінгі алты адамнан тұратын жастар тобының қылмыстық әрекетінің жолы кесілді.
"Фигуранттар өздерін полиция қызметкері ретінде таныстырып, өздерінің құрбандарын қорқыту, ұрып-соғу және бас бостандығынан заңсыз айыру арқылы ірі көлемдегі қаражат бопсалаған. Қылмыстық топтың барлық қатысушылары ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды", - деді Қуандық Алпыс.
Көрсетілген деректер бойынша Шымкент қаласы және Павлодар облысы полиция департаменттерінің тергеу органдары соталды тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Ұсталған адамдарға үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданылады.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!