Шымкент мұнай өңдеу зауыты аумағында мердігер компанияның екі қызметкері автокөтергіштің құлап кетуі салдарынан қаза тапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Не болды?
Бұған дейін желіде 26 тамыз күні Шымкент мұнай өңдеу зауыты аумағында қайғылы жағдай орын алғаны туралы ақпарат тараған еді. Автокөтергіш аударылып, мердігер ұйымның екі оқшаулаушысы көз жұмғаны хабарланды.
"PetroKazakhstan Oil Products" ЖШС ресми түсініктемесі
Компанияның баспасөз қызметі бұл ақпаратты растап, марқұмдардың отбасына көңіл айтты.
"26 тамыз күні сағат 14:30-да оқшаулау жұмыстары барысында автокөтергіш аударылып, салдарынан екі адам қаза тапты. Жұмысты "КРС Астана" ЖШС мердігер ұйымы орындап жатқан. Қайтыс болғандар осы ұйымның оқшаулаушылары болып табылады. Аталған жағдайдың себебін арнайы құрылған жұмыс тобы анықтап жатыр. Зауыт қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр", – делінген хабарламада.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
А. Бақдаулет